Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл. Осы бір атаулы мерейлі жылға орай аудандық жастар ресурстық орталығы синхронды байланыс арқылы жиын өткізді. Кездесуге Софиевка ауылының жас мамандары мен жоғары сынып оқушылары да қатысты. Орталықтың мақсаты – Тәуелсіздікке байланысты өткізілетін іс-шаралардың жоспарын құру үшін жиынға қатысушылардың ұсыныстарын тыңдау және талқылау. Мерекелік іс-шараларды ұсынуда Софиевка ауылының оқушылары белсенділік танытты. Мәселен, 11 сынып оқушысы Аяулым Жарылғасинова патриоттық әндердің аясында флешмоб өткізуді ұсынды. Бұл флешмобтың ерекшелігі әуелі мектеп алаңқайында ұлттық нақыштағы киіммен қатысушылар 30 жылдықты бейнелеп би билейді. Одан кейін ауылдың негізгі көшелері арқылы шеру құрып, жүріп өтеді. Барлығы қазақша киімде болу керек. Алдыда ту көтеріп аттылар жүреді. Соңынан шағын жүк көлігі еріп отырады. Бортында дыбыс ұлғайтқыш арқылы патриоттық музыка ойнап тұрады. Соңынан жастар ілеседі. Олар музыкаға қосылып ән шырқайды әрі көшедегі адамдарға бауырсақтар таратады.
Мектебіміздің тағы бір оқушысы Сәкен Арман көп тарала қоймаған ұлттық ойындар мен дәстүрлерді насихаттасақ деген тілегін айтты. Орталықтың жетекшісі Фестиваль Болатқызы айтылған идеяларға оң көзқарасын танытты әрі алдағы уақытты жоспарға міндетті түрде қосатындығын жеткізді.